Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты 23-ші түлектерін қанат қақтырды. Биыл 87 курсант оқуды тәмамдап, олардың ішінде біреуі үздік диплом иегері атанды.
Шараға Қорғаныс министрлігінің, Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшығы басқармасының, әскери және азаматтық оқу орындарың өкілдері, Қарулы Күштердің ардагерлері мен курсанттардың туған-туыстары қатысты.
Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев жас офицерлерді құттықтап, ақжарма тілегін білдірді. Ол әскери оқу орнының басшылығы мен оқытушылық құрамына білікті мамандар дайындап шығарғандары үшін алғысын білдірді.
- Оқуды аяқтай отырып, табысты қызмет ету және кәсіби өсу үшін барлық мүмкіндіктерге ие болып отырсыздар. Ең бастысы, институт қабырғасында сіздер жаңа заманға сай білім игеріп, әскери даярлықтарыңызды шыңдадыңыздар, - деп атап өтті ол.
Биыл институт тарихында алғаш рет "Радиоэлектрондық барлау және радиоэлектрондық күресті ұйымдастыру" (РЭБ және РЭК) мамандығы бойынша алғашқы офицерлер шығарылды.
РЭБ және РЭК мамандары цифрлық технологиялар дамып, кибершабуылдар кең белең алған бүгінгі уақытта маңызы зор және жоғары сұранысқа ие. Аталған мамандықтың болашағы заманауи технологиялардың үздіксіз дамуы және ондағы қауіптердің артуымен тығыз байланысты.
- Осы мамандықтың алғашқы түлектері болғанымызды мақтан етемін. Алған білімімізді еліміздің цифрлық дамуы жолында пайдаға асатынына сенімдімін, - деді ….
Дәстүрге сәйкес шара институттың Жауынгерлік туымен қоштасумен аяқталды. Жас офицерлер әскери оркестрдің сүйемелдеуімен қонақтар алдында саппен жүріп өтіп, “осымен бәрі аяқталды” деп тиыннан шашу шашты.
Институт құрылғалы бері 4000-ға жуық офицер түлеп ұшты. Қазіргі уақытта олар еліміздің Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының қатарында әскери міндеттерін адал және абыроймен атқаруда.
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты Орталық Азиядағы радиотехникалық және байланыс офицерлерін дайындайтын алғашқы әскери жоғары оқу орны. Институт радиоэлектроника, радиотехника және инжиниринг, автоматтандыру және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, ақпараттық қауіпсіздік жүйелері және киберқауіпсіздік, әскери құрылыс мамандардын оқытады.
Осы жылдан бастап тағы екі жаңа мамандық ашылды: “Әскери істегі дирижер” және “Әскери істегі журналистика” бойынша алғашқы талапкерлерін қабылдайды. Оқуды аяқтаған соң аталған мамандық иелері азаматтық және әскери оқу орнын бітіргені жөнінде бірден екі дипломға ие болады.
Сондай-ақ, биылғы жылдан бастап әскери институт бес жылдықтан төрт жылдық білім беруге ауысты.
.jpg)